Көктемде құстар қайта ма? — Нені? — Тілеужан қайтыс болыпты.... — Аааа...қа..қалай, мен оны кеше ғана... — Ауырады екен ғой, тілі кетіп қалыпты... не деуші еді әлгі с..с..судргасы ұстаған. Менің табанымның астындағы жер қозғалып жатқандай, жүрегім лобып басым айналды. Раквинаның алдына келіп мұздай сумен бетімді қайта-қайта жудым. Айнадағы жүзіме тіпті қарағым келмейді. Жүгіріп бөлмеге барып, Айконы жұлқып ояттым. Тілеужан қайтыс болыпты деймін бар даусыммен. Айко ештеңе түсінбедім дегендей. — Недейсің-дейді көзін уқалап жатып — Тілеужан енді жоқ, өліп қалыпты деймін. — Қаш..ааан? нееее — деп есеңгіреген Айко төсегінен асығыс тұрды да киіне бастады. Киініп жүріп, байғұс бала-ай кеше...кеше билет ала салуың керек еді деп кемсеңдеп жылап жіберді.... Жедел жәрдем мен полиция көлігі жатахананың алдын келіп тоқтағанда студенттер топырлап есіктің алдына жиналып қалды. Тілеужанның денесін шығарып жатқандағы көрініске жүрегім шыдамай Панфилов паркін айналып жоқ болдым. Кеудемді бір ауыр мұң басып алғандай. Жылайын десем жылай алмаймын. "Ертең Тілеужан келмейтін сияқты"-деген кешегі кассаның алдындағы сөзім құлағыма жаңғырып келе береді. Ертең Тілеужан келмейтін сияқты....келмейтін сияқты....келмейтін сияқты.... Неге, неге олай айттым екен, жазған басым-ай деймін жаным қысыла. Қайдан ғана сол сөз аузыма түсе қалып еді, деп өз-өзімді жазғырып орыс шіркеуінің маңайында сандалып жүрдім де қойдым. Мені бір қайғы өртеді, сол қайғы менің емес, өзге біреудің қайғысы болса екен дейтін сияқтымын. Бірақ жаным солқылдайды, жүрегім өрекпіп аузыма тығылады. Мені ар-ұят өртеді. Олда біреудің ар-ұяты болса екен деймін, жоқ олда өзімдікі сияқты. Сол ар-ұятты бар адамның ауызынан әлгіндегідей сөз шығушы ма еді? Шықты ғой сол сөзді өзге біреу емес дәл – мына мен айттым ғой. Енді міне сол бір ғана оқыстан айтылған сөз орны толмас ауыр қайғы әкелгендей және сол қайғыға өзімді кінәлідей сезіндім. Бәлкім оның артында аңырап анасы қалған шығар, бауырлары, қимас достары бар шығар....олар нендей сезімде екен... соны ойласам жүрегім алай-дүлей, өңім әлем-тапырақ болды. Жатахананың алдына келгенде бұрыш-бұрышта жылап отырған қыздарды, өңі қашқан ұлдарды көрдім. Олардың қайғысына ортақтасып әлдене деуге менің шамам келмеді. Бейне бір қылмыс жасаған адамдай, өз-өзімнен оқушаланып ешкімге жоламаймын. Айкоға қарауға тіпті бетім жоқ. Олда менен қуыстанатын сияқты. Бөлмеге келіп төсегіме құладым да қалжырап ұйықтап кеттім. Сол күні менде ұйқымнан оянбасам ғой деп едім... Кешкісін бөлмеге Айко келді. — Бүгін театрға баратын күніміз ғой есің де ме дейді самарқау үнмен. — Тілеужан бұрыннан ауырады ма екен? — Иә эпилепсиямен ауырады екен. Алматының ауа-райы жақпаған депті дәрігерлер. Алғашқы көмек көрсетілмеген содан тілі кетіп қалыпты. — Жанында бірге тұратын балдар неге көмектеспеген? — Олардың барлығы сабақта болған, Тілеужанды сыртынан құлыптап кете берген. Қазыр барлығы бөлімшеде көрінеді сұралып жатыр екен. — Қиын болған екен... — Иә бүгін өте ауыр күн болды... — Айко.... мен, мен Тілеужанның қайтыс болып кететінін білгенім жоқ рас айтам дедім жанарыма жас айналып. — Бұлай боларын кім ойлаған дейді олда кемсеңдеп. — Құдайым-ай! Ол тірі болса қазыр-ақ сүйреп көк базарға алып барып, кілтін жасатқан болар едім, театрға ертіп барып спектакль көрсеткен болар едім ғой. Бар болғаны жиырма бір ақ жас, адам жиырма бір жасында не жасап үлгереді айтшы өзің? Тіпті театрға баруға да үлгермеді емес пе? — деп Айконы құшақтай ала ағыл да тегіл жыладым. Айко да ұзақ егілді. Сон соң Айко: — Тілеужан көре алмай кеткен спектакльді бірге тамашалап қайтайықшы деп қолқалады. Өмір дегеннің осынша айлалы боларын кім білген? Мен онымен кеше ғана таныстым, бүгін ол қайтыс болды. Өмірдің табалдырығын аттап та үлгермеді, есігінен қайтты.... Айко екуміз театрға кешігіп келдік. Болконнан алған орнымызға үнсіз, әрі соншалық қайғылы кейіпте жайғастық. Мен жанымдағы бос орынға қайта-қайта қарай бердім. — Айко, қарашы жанымдағы бір орын бос тұр, бұл Тілеужанның орны болушы еді ғой деймін. — Мүмкін билет иесі кешігіп жатқан шығар.... — Жоооқ мұнда Тілеужан отыр.... Айконың өңі әппақ шүберектей бозарып кетті де, менің қолымнан қысып ұстап алды. Жанымдағы орындық спектакль аяқталғанша бос тұрды. Бос тұрды....бос тұрды деген аты ғана сол бос орындықтан әлде қалай бір жылулық есіп тұрғандай, мен бос тұрған орынға қайта-қайта жалтақтап қарай бердім. Жалт бұрылсам буға айналып ұшып кететіндей, көзге көрінбейтін бір дене дәл менің жанымда спектакль тамашалап отырғандай, әлде қалай пысылдағандай, көрерменнің ду қол шапалағына қосылып, олда қол соғып жатқандай, арасында күлгендей, үнсіз егіліп жылағандай болды. Сахна шымылдығы түсіп, әртістер құрмет-қошеметке бөленген соң, көрермендер дүр қозғалып орындарынан жылжи бастады. Сол кезде байқадым, менің жанымдағы бос орындықтың аяқ жағында көзге көрінер көрінбес бір бүктеулі қағаз жатты. Жерден көтергенімде оның театрдың билеті екенін аңдадым. Нөмері де менің жанымдағы бос тұрған орынның нөмеріне сәйкес болып шықты. Айконы ақырын түртіп, аялдай тұруын сұрадым да өзім әлгі бос орынды ақырын сипап көрдім. Қазыр ғана адам отырғандай жып-жылы, суымаған қалпы тұр. Менің маңдайымнан мұздай тер бұрық ете қалды. Мен оны бекер-ақ қара торғайға ұқсатқан екем, кеше ұшып келген қара торғай, көктем келгенде қайтадан өз мекеніне ұшты да кетті. — Көктемде құстар қайта ма? — Қайтады екен... Әңгіме авторы: Жәудір Нартай